Сайт бойынша іздеу

Депутат марапаттау ережелерін қатаңдатуды ұсынды

Бөлісу:
5QtPnG1zek.jpeg
Фото: Egemen Qazaqstan

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай азаматтарды марапаттау тәртібін ретке келтіру мәселесін көтеріп, Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары атақ пен марапаттың құны түсіп, заңсыз әрі негізсіз үлестірілуі белең алған, деп хабарлайды Педагог-KZ. 

«Бүгінде атағы жоқ, медаль алмаған адам кемде-кем. Белгісіз қоғамдық ұйымдар түрлі медаль мен ордендерді ашық немесе жасырын түрде сатып, марапаттауды табыс көзіне айналдырған. «Қазақстанның құрметті азаматы», «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері», «Ұлт ұстазы» сияқты атақтар 20 мыңнан 100 мың теңгеге дейін бағаланады екен», - деді ол.

Депутат бұл үрдістің әсіресе білім саласына еніп жатқанын ерекше алаңдаушылықпен атап өтті. Қазір кей мектептерде ұстаздың кәсіби деңгейі нақты нәтиже мен білім сапасына емес, алған марапаттары мен алғыс хаттарының санына қарап бағаланатын жағдай қалыптасқан. Бұл білім жүйесінің іргетасын шайқалтатын қауіпті құбылыс екені айтылды.

Сауалда дамыған елдердегі тәжірибе де мысалға келтірілді. Көптеген мемлекеттерде мемлекеттік марапаттар заңмен қатаң қорғалады, ал атақ беру критерийлері нақты белгіленіп, ашық жүргізіледі. Ал Қазақстанда қаржысы немесе танысы бар кез келген адам қоғамдық ұйым ашып, атақ тарата алатын жағдай қалыптасқан. 

Осыған байланысты депутат Үкіметке бірқатар нақты ұсыныс жолдады:

  1. 2025 жылғы маусымда қабылданған заңнамалық өзгерістердің толық әрі тиімді іске асуын қамтамасыз ету, мемлекеттік наградалар туралы заң нормаларының орындалуына жүйелі бақылау орнату.
  2. Қоғамдық марапаттарды заңсыз тарату фактілері бойынша әкімшілік және өзге де құқықтық шараларды жүйелі түрде қолдану, жауапты тұлғалардың әрекетіне нақты құқықтық баға беру.
  3. Мемлекеттік және қоғамдық наградалардың бірыңғай тіркелімін енгізу, цифрлық бақылау мен қадағалау тетіктерін күшейту арқылы марапаттау институтының ашықтығы мен беделін қамтамасыз ету.

Депутаттың пікірінше, мәселе заңның әлсіздігінде емес, оның орындалмауында.

«Салмағы жоқ, сатылатын атақ-марапаттарды тоқтатудың жалғыз жолы – оларды сатпау, сатып алмау және заң бұзғандарды жауапқа тарту. Егер бүгін қолға алмасақ, ертең кеш болады», – деді депутат.