Мектеп директорларын тағайындау тәртібіне өзгеріс енгізіледі. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің оқу-ағарту және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңес отырысында министр Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды Педагог-KZ.
«Менің министр ретіндегі жеке ұстанымым, бір мектеп директорына бастапқыда екі жылдық мерзім берілуі қажет. Бұл екі оқу жылын қамтиды. Егер осы уақыт аралығында директордың жұмысы оң нәтиже көрсетсе, яғни мектептегі білім сапасы жақсарып, оқушылардың оқу жетістіктері жоғарыласа, қауіпсіздік талаптары сақталып, мұғалімдердің біліктілігін арттыру жүйелі түрде жолға қойылса, онда директорға тағы бір мерзімге тағайындалу мүмкіндігі беріледі. Осылайша, жалпы мерзім төрт жылды құрауы тиіс», - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Сонымен қатар министр мұғалімдер тарапынан мектеп директорларының озбыр әрекеттеріне қатысты шағымдар жиі түсетінін атап өтті.
«Директор – ең алдымен білім сапасы мен оқу процесін ұйымдастырушы тұлға. Ол өзі де білікті ұстаз болуы қажет. Бұл талаптарды біз жалпы қоғамның мәдениеті ретінде қалыптастыруымыз керек», – деді министр.
Қазір аталған өзгерістер бойынша тиісті бұйрық жобасы әзірленуде.