Қызылорда облысына жұмыс сапары кезінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өңірдегі педагогтер қауымдастығымен және жетістікке жеткен білім алушылармен кездесті. Бұл туралы министрліктің Баспасөз қызметіне сілтеме жасап Педагог-KZ хабарлайды.
Өңірдегі білім беру ұйымдары басшыларымен өткен кездесуде министр білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби біліктілігін жетілдіру, ұстаз мәртебесін сақтау, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды.
«Мемлекет педагогтерді қолдау және жайлы білім беру ортасын қалыптастыру бойынша жүйелі шаралар қабылдауда. Бүгінде педагогтің алдында ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жөніндегі ерекше міндет тұр. Білім беру ісіне ішкі тұрғыдан кемелденген, заманауи сын-қатерлерге төтеп бере алатын зияткер ұрпақты тәрбиелеуге қабілетті жанашыр ұстаздардың келуі маңызды», - деді министр Ғани Бейсембаев.