Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова әлеуметтік желі арқылы ұстаздардан ұсыныс қабылдайтынын айтып, видеоүндеу жариялады. Желіге бір сағатта 200-ден астам пікір жазылды. Педагог-KZ ұстаздардың ұсыныстарын шолып шықты.
Педагогтардың басым бөлігі жаңа министрдің ашықтыққа бағытталған қадамын қолдап пікір қалдырса, кейбірі нақты мәселе көтерді.
«Мектеп директорларының орынбасарлары екі бағытта аттестация тапсырады — пән мұғалімі ретінде және әкімшілік қызметкер ретінде. Бұл өте ауыр. Егер орынбасарда “бірінші санатты басшы орынбасары” біліктілігі болса, ОЗП тапсырудан босату мүмкіндігін қарастырсаңыз».
Кейбір ұстаздар зейнет жасы мәселесін көтерді:
«Педагогтарды 55 жастан зейнетке жіберу керек. 63 жас тым ұзақ, денсаулығымыз сыр беріп жатыр».
Сонымен қатар, еңбек қатынастары мен жалақы мәселесі де назардан тыс қалмады:
«Мектептегі лаборанттарды мұғаліммен теңестіру мәселесін қараңызшы».
Кейбір пікір иелері ауыл мектептерінің жағдайын жеткізіп, министрді аймаққа шақырса, кейбірі тіл мәселесін көтерді:
«Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданының Сарман бастауыш мектебі ешқандай талапқа сай емес. Бір келіп көріңізші, өтінеміз»., «Аралас мектептерді қою керек. Жаңа ашылатын мектептер тек мемлекеттік тілде болсын».
«Алматыдағы 224 мектеп қазақ мектебі болып ашыла ма?»
Министр барлық ұсыныс-пікірлер талданып, олар жұмыс барысында ескерілетінін айтты.