Жамбыл облысындағы мектеп директорларының бірі зейнет жасына жақындаған 3 педагогты жұмыстан заңсыз шығарып жіберген. Мектеп басшысы мұғалімдерді зейнетке жіберуге ассыққаны сонша еңбек шартының тоқтатылатыны туралы ескерту хатты ұстаздар зейнет жасына жетпей тұрып таныстырған. Дау сотта қаралды - деп хабарлайды Педагог-KZ
Еңбек кодексіне сай шартты тоқтату туралы ескерту қызметкерге зейнет жасына толғаннан кейін, оның өзінде еңбек шартын бұзбай, кемінде 1 ай бұрын берілуі керек. Сондай-ақ зейнет жасына толған педагогтардың қалауы бойынша оқу жылын аяқтауға да құқығы бары анықталды және ол еңбек шартында көрсетілген.
Жасына жетпей жұмыстан заңсыз шығарылған педагогтар аталған заңсыздықтарды негізге алып, сотқа жүгінген.
Арызда жұмыстан босату туралы хабарлама мен бұйрықты заңсыз деп тану, құжаттың күшін жою, жұмысқа қайта орналастыру, мәжбүрлі түрде кеткен уақыт үшін жалақыны өндіру және моральдық зиян мен шығындарды өтеуді сұраған.
Жуалы ауданының Соты дауды қарап, педагогтарды жұмыстан босату туралы хабарлама мен бұйрықты заңсыз деп таныған.
Сәйкесінше педагогтар бұрынғы жұмысына қайта орналасқан. Ең бастысы педагогтардың пайдасына жалпы сомасы 9 млн. теңгеден астам мәжбүрлі түрде кеткен уақыт үшін жалақы, 300 мың теңге моральдық зиян және сотқа қатысқан өкілдің қызметтері үшін 900 мың теңге мөлшерінде шығыстар, барлығы 10 миллион теңгеге жуық қаржы өндірілген.
Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.