ҚР Оқу-ағарту министрлігі қауіпсіз және қолдаушы білім беру ортасын құруға бағытталған «100 медиативті мектеп» жобасын іске қосуда. Бастама шеңберінде еліміздің барлық мектептерінде қақтығыстарды тиімді шешуге және оқушылар, педагогтер мен ата-аналар үшін жағымсыз салдардың алдын алуға ықпал ететін мектеп медиациясы қызметтері жұмыс атқара бастайды,- деп хабарлайды Педагог-KZ ведомстваның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Негізгі мақсат - қиын өмірлік жағдайларда қолдау көрсету, балаларды дамыту және әлеуметтендіру үшін қолайлы және қауіпсіз орта құру. Бұдан бөлек, мұнда отбасылық-құқықтық дауларды шешуге жәрдем көрсетіледі. Мектеп қызметтері қақтығыстарды реттеудің маңызды құралы болып табылады, ал медиативтік практикаларды пайдалану даулы жағдайлардың санын қысқартуға және оқу орындарындағы психологиялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.