Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен білім беру жүйесі үшін кадрлар даярлау мәселесіне арналған кеңес өтті,-деп хабарлайды Педагог-KZ.
Кеңес жұмысына ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушы Асқарбек Ертаев, сондай-ақ болашақ педагогтерді даярлауға маманданған жоғары оқу орындарының басшылары қатысты.
Кездесудің негізгі тақырыбы педагогикалық білім беру сапасы және оның мектепке дейінгі және мектептегі оқытуға тікелей әсері болды. Вице-премьерге Педагогикалық білім беруді дамыту тұжырымдамасын іске асырудың негізгі бағыттары мен нәтижелері ұсынылды. Сонымен қатар ЭЫДҰ жүргізетін Халықаралық оқыту мен оқу зерттеуінің (TALIS) аналитикалық қорытындылары таныстырылды. Зерттеу кейінгі үш жылдағы педагогтерді даярлау жүйесін жаңғыртудағы оң өзгерістермен қатар шешімін талап ететін мәселелерді де көрсетіп отыр.
Кеңес барысында функционалдық сауаттылықты арттыру, мұғалімдердің сыни ойлау мен цифрлық дағдыларын дамыту әдістемелері, сондай-ақ жасанды интеллект технологияларын оқу үдерісіне енгізу тетіктері талқыланды. Бұған қоса, бакалавриат деңгейінде педагог даярлау лицензиясы бар 52 жоғары оқу орны болуына қарамастан, кадр тапшылығының әлі де сақталуы ерекше назарда болды.
Салалық ведомство басшыларының пікірлерімен қатар, педагогикалық жоғары оқу орындарының басшыларының ұсыныстары да тыңдалды.
Вице-премьер Аида Балаева министрлік–әкімдік–жоғары оқу орны арасындағы тиімді ведомствоаралық өзара іс-қимылдың жеткіліксіздігін атап өтті. Оның айтуынша, тек үйлесімді және жүйелі жұмыс қана мектептерді қажетті мамандармен қамтамасыз етуге және өңірлердегі кадр тапшылығы мәселесін алдын ала шешуге мүмкіндік береді. Мұндай тапшылықтың негізгі себебі ретінде еңбек нарығына жан-жақты талдаудың жеткіліксіздігі көрсетілді.
Сонымен қатар Аида Балаева педагогтерді даярлауда практикаға бағдарланған оқытудың маңызын атап өтті. Оның пікірінше, теориялық білім тек іс жүзінде қолданылғанда ғана нәтижелі болады. Осы ретте барлық жоғары оқу орындары студенттердің практикалық дайындығын ұйымдастыруда тең мүмкіндіктерге ие болуы тиіс.
Жиын қорытындысы бойынша ҚР Премьер-министрінің орынбасары бірқатар нақты міндеттер мен хаттамалық тапсырмалар жүктеді:
Педагогикалық білімді дамыту тұжырымдамасын жасанды интеллект технологияларының белсенді енгізіліп жатқанын ескере отырып толықтыру;
педагогтерді даярлау процесінің практикалық бағытын күшейтіп, студенттердің өндірістік тәжірибесін республика көлемінде біріздендіру жоспарын әзірлеу;
мемлекеттік білім гранттарын өңірлік қажеттіліктер мен түлектердің еңбекке орналасу көрсеткіштеріне сай қайта қарау;
мектеп оқулықтарын әзірлеу жүйесін қайта талдап, оған жетекші педагогикалық университеттердің қатысуын қамтамасыз ету.
Сонымен бірге вице-премьер жоғары оқу орындарын мемлекеттік идеологиялық жұмысты күшейтуге шақырып, оның болашақ педагогтерді, әсіресе мектепке дейінгі білім беру мамандарын даярлаудағы маңызын атап өтті. Осы бағытта Ғылым және жоғары білім министрлігіне жаңа ішкі саясат қағидаларын еліміздің барлық ЖОО-ларына енгізу бойынша тиісті жұмыстарды ұйымдастыру тапсырылды.