Сайт бойынша іздеу

«Ерікті түрде» мәжбүрлеу: мұғалімдерді газет-журналға жаздыру тоқтамай тұр

Бөлісу:
IYudaPyvqV.png

Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында педагогтарды газет-журналдарға «ерікті түрде» мәжбүрлеп жаздыру тоқтамай тұр, деп хабарлайды Педагог-KZ.

Редакцияға Түркістан облысынан келген хатта  ұстаздардың жанайқайы жеткізілген. 

«Өз келісімімен деп қол қойғызып алып, қыр соңыңнан қалмай газет-журналға жаздырады. Ақшаны айлықтан ұстайды.  Жазылымды «Ернұр-пресс», «Эврика» секілді жеке компаниялармен ұйымдастырып, кейде уақыты өтіп кеткен газет-журналдарды береді. Бұл жерде бір махинация бар сияқты,бұл қаншалықты заңды?» делінген хатта.
 
Хатқа қоса жолданған мәліметте келесі жылдың алғашқы алты айына бір мектептің педагогтары 260 газет-журналға жазылған.  

Тізімде «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттерінен бастап, аудандық және «Білім шыңы – ғылым сыры», «Рейтинг» сынды басылымдар бар.

Мектеп директорының міндетін атқарушының қол қойылған тізімде жартыжылдық жазылу жоспарының толық орындалғаны көрсетілген.

Педагогтарды газет-журналға жазғызудың осыған ұқсас жайттары Алматы және Жамбыл облыстарында да бар. Ол туралы белсенді ұстаздар әлеуметтік желіде мәселе көтеріп, дабыл қақты.

Айта кету керек, елімізде «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданып, педагогты кәсіптік міндеттеріне байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға, оған тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндеттерді жүктеуге тыйым салынған. 

Ағымдағы жылы ұстаздардың дәстүрлі тамыз кеңесінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» заңға ұстаз құқығын қорғау жөнінде өзгерістер енгізуді тапсырды.