Оқу-ағарту министрлігі педагогтардың лауазымдары бойынша Типтік біліктілік сипаттамаларына өзгерістер жобасын дайындады, деп хабарлайды Педагог-KZ.
Аталған өзгерістер мен толықтырулар құқық қорғау және сот органдарында жұмыс істеген, сондай-ақ басқа да мамандықтар бойынша білімі бар және педагогикалық қайта даярлаудан өткен адамдарға білім беру ұйымдарында «Құқық негіздері» пәнінің мұғалімі және педагог-кәсіби бағдар беруші лауазымына орналасуға мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетейік, биыл министрлік тарапынан әр мектепте жеке штаттық бірлік ретінде педагог-кәсіби бағдар беруші тағайындалатын бұйрық қабылданды. Қазіргі таңда еліміздегі мектептерде шамамен 8000-ға жуық педагог-кәсіби бағдар беруші жұмыс істейді.
Құжат «Ашық НҚА» сайтында 10 желтоқсанға дейін қоғамдық талқылауға қойылған.