Орта мектептердегі педагог тапшылығы толығымен жойылды. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаевтың депутаттық сауалға жауап берген хатында жазылған,-деп хабарлайды Педагог-KZ.
«Қазіргі уақытта еліміздің орта білім беру ұйымдарында 412 мыңға жуық педагог еңбек етуде, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда, 14 мыңға артық. Педагогтер санының артуы - еліміздің орта білім беру жүйесінде кадр тапшылығының толығымен жойылуына ықпал етті. Тек кейбір өңірлерде бос жұмыс орындары, яғни вакансиялар бар»,-делінген вице-премьердің жауабында.
Сондай-ақ, келтірілген мәліметке сай 412 мыңға жуық педагогтің 73%-ы жаңа форматтағы біліктілік санатына ие (оның ішінде: педагог шеберлер – 3 176, педагог-зерттеушілер – 81 530, педагог-сарапшылар – 93 953, педагог модераторлар – 120 595).