Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Педагог-KZ.
Министрлік енгізіп отырған өзгерістерге сәйкес, мектеп директоры бір мектепте 10 жылдан артық басшы болып отыра алмайды. Алайда бұл оның басқа білім беру ұйымына басшы болуына шектеу қоймайды.
Сонымен қатар, әр бес жыл сайын мектеп директоры лауазымына байланысты (санаты бөлек) аттестаттаудан өтеді. Аттестаттаудан сәтті өткендер ғана келесі бес жылға басшылық қызметін жалғастыра алады. Ал талаптан өте алмаған жағдайда, директор лауазымын босатуға міндетті. Яғни, 10 жылдық басшылық қызмет енді автоматты түрде кепілдендірілмейді – әр бес жыл сайын кәсіби деңгейін дәлелдеу қажет.
Тағы бір маңызды жаңалық – кадрлық резерв жобасы. Бұл бастама педагогтерге басшылық қызметке арнайы дайындықтан өту арқылы мүмкіндік береді. Министрлік бұл жобаны өңірлердегі кадр тапшылығын шешудің бір жолы ретінде ұсынып отыр. Қазіргі таңда 600-ге жуық мектепте директор жоқ, ал бұл мәселе жылдар бойы толық шешімін таппай келеді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мектеп директорларын тағайындау – жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде. Министрлік тарапынан педагогтер оқытылып, негізгі құзыреттіліктер мен талаптар айқындалған. Ендігі шешім қабылдау – өңірлердің өз қолында.
«Білім саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға жауапты өңірлік білім басқармалары мен аудандық, қалалық білім бөлімдері бұл бағыттағы жұмыстарды сапалы әрі жүйелі түрде атқаруы тиіс»,- деп жазды Орта білім беру комитетінің төрағасы.