Елордада Назарбаев Зияткерлік мектептері базасында ауылдық тірек мектептері мұғалімдеріне арналған «Ауыл мектебі – жаңа мүмкіндіктер арнасы» атты алғашқы республикалық интенсив басталды.
Бұл туралы Назарбаев Зияткерлік мектептері ДБҰ баспасөз қызметіне сілтеме жасап Педагог-KZ хабарлайды.
NIS командасы ауылдық тірек мектептердің 500-ге жуық директоры мен пән мұғалімдеріне арналған мазмұнды бағдарлама әзірлеген. Алдағы екі күн ішінде қатысушылар шеберлік сабақтары арқылы өздерінің идеялары мен тәжірибелерін ортаға салмақ. Жиын барысында мұғалімдер бірнеше маңызды бағыттарды талқылайды. Атап айтқанда, функционалдық және оқу сауаттылығын дамытуға арналған тиімді стратегиялар, мәтінді терең талдауға негізделген шағын жобалардың маңызы, STEM-технологияларын пәндік оқытуға енгізу тәсілдері, сондай-ақ өмірлік жағдаяттарға бейімделген тапсырмаларды құрастыру жолдары т.б.
Ауқымды педагогикалық жиынға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының және Білім беруді тұрақты дамыту қоры өкілдері қатысуда.
Айта кетейік, «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасына «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» әдістемелік қолдау көрсетеді. Бұл бағыт аясында мұғалімдердің кәсіби қажеттіліктерін анықтау, сабақтарға қатысып, бақылау жүргізу және кері байланыс беру, оқыту курстарын ұйымдастырып, өткізу, оқыту аяқталғаннан кейін де әдістемелік қолдау білдіру, оқушылардың әл-ауқатына байланысты мәселелерді бірлесе шешу, сондай-ақ мұғалімдердің Зияткерлік мектептер базасында тағылымдамадан өтуіне мүмкіндік жасау секілді маңызды міндеттер көзделген.