Сайт бойынша іздеу

Германия, Люксембург, Швейцария ұстаздары қанша айлық алады?

Бөлісу:
vF3ZaN2708.jpg

Биыл педагогтарға ең жоғары айлық төлейтін елдердің тізімін Люксембург бастады деп хабарлады Педагог-KZ 24kz телеарнасына сілтеме жасап.  

Телеарна әлем елдеріндегі мұғалімдердің айлық ақысына сараптама жасаған. Сонымен көш басында Люксембург.

Люксембург.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының кейінгі зерттеуінде келтіріліген дерек осындай. Люксембург мұғалімдері жылына шамамен 137 мың доллар жалақы алады екен. Сондай-ақ мұнда мұғалімдерге  жақсы жағдай жасалған. Мысалы, бакалавр дәрежесін алған жас маманға жылына 70 мың АҚШ доллар көлемінде жалақы төленеді. Табыс көлемі оқытушының еңбек өтіліне байланысты өсе береді. Салада 15 жыл еңбек еткен маманға 100 мың доллар жалақы төленеді. Ал 30 жылдан астам тәжірибесі бар мұғалімге төленетін сома да қомақты. Бұл – шамамен 137 мың доллар. Магистр дәрежесі бар мұғалімнің табысы жоғары .

Швейцария.

 Шәкірт тәрбиелеп отырған швейцариялық мамандардың да айлық табысы іргелес Люксембургке ұқсас. Бірақ магистр дәрежесін бітірген маман бакалаврмен ғана шектелген оқытушыға қарағанда көбірек алады. Ал мансап жолын енді бастаған орта мектеп мұғалімінің табысы 73 мың доллар шамасында. Оның мөлшері еңбек өтіліне қосылған әр он жыл сайын 10 мың долларға ұлғая береді.

  Біріккен Араб Әмірліктері.

 Біріккен Араб Әмірліктерінде мұғалімдердің жалақысынан табыс салығы алынбайды. Оларға қосымша төлемсіз орташа есеппен 2500 мен 5500 доллар арасында айлық төленеді. Сонымен қатар білім беру ұйымдары оқытушылардың ай сайынғы тұрғын үй жәрдемақысын төлейді. Тіпті, тегін пәтер де береді. Сондай-ақ медициналық сақтандыру, бір жылдық ақысыз әуе қызметімен қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, мұғалімдердің біліктілігін арттыруы үшін халықаралық тәжірибе, шеберлік сағаттарына қатысу мүмкіндігі қарастырылған.

Германия.

Германияда да білім саласы қызметкерлеріне еңбек өтіліне қарай жоғары жалақы төленеді. Әсіресе, халықаралық мектептерде білім беретін мамандардың айлық табысы орта мектеп мұғаліміне қарағанда әлдеқайда көп. Оған қоса еңбек өтілі мен квалификациялық білім деңгейі жоғарылаған сайын төленетін айлық мөлшері де ұлғая береді. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы келтірген мәліметке қарағанда, салаға енді қадам басқан жас маманның айлық табысы 1500 долларға жуық. Ал еңбек өтілі 20 жылдан асса, 3 есе артық төленеді.