Сайт бойынша іздеу

Келесі оқу жылына қарай авторлық бағдарлама алып тасталады - министр

Бөлісу:
UiL40zHrm5.jpg
Фото: Ө.Жолдасбеков атындағы №9 IT лицейі

Қазақстанда педагогтарды аттестаттау барысында авторлық бағдарламалар әзірлеу міндеті жойылмақ. Бұл жөнінде ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлім етті,- деп хабарлайды Педагог-KZ.  

Қолданыстағы талапқа сәйкес, «педагог-шебер» санатын иелену үшін мұғалімдер республикалық оқу-әдістемелік кеңес мақұлдаған авторлық бағдарламаларды дайындап, оларды оқу үдерісінде пайдалануы тиіс. Алайда 2025 жылдың желтоқсан айының соңында Оқу-ағарту министрлігі бұл талаптың күтілген нәтижені бермейтінін атап өтті. Осыған байланысты министрлік педагогтардың қызметін бағалаудың баламалы тетіктерін қарастыра бастаған.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта арнайы жұмыс тобы барлық нормативтік-құқықтық құжаттарға жан-жақты талдау жүргізіп жатыр. Осы жұмыстар аясында аттестаттау кезінде авторлық бағдарламалардан бас тарту мәселесі көтерілген.

Біз бұл талаптың білім беру үдерісінің сапасына нақты қаншалықты әсер ететінін, сондай-ақ дайындалған бағдарламалардың тәжірибеде қаншасы қолданылып жатқанын анық көріп отырған жоқпыз, - деді Жұлдыз Сүлейменова Үкімет кулуарында.

Министр бұл мәселеде ұстанымы нақты екенін атап өтті. Оның сөзінше, авторлық бағдарламаларды әзірлеу талабы келесі оқу жылы басталғанға дейін алынып тасталады.

Сонымен қатар министрлік педагогтың кәсіби қызметін бағалаудың өзге тәсілдерін енгізуді көздеп отыр. Атап айтқанда, мұғалімнің оқу үдерісін тиімді ұйымдастыра алуы, оқушылармен жүргізетін жұмысының нәтижесі негізгі өлшемдердің біріне айналмақ. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар пысықталуда.