2025 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша білім беру саласы қызметкерлерінің орташа айлық ақысы 373,8 мың теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 7,8%-ға көп, деп хабарлайды Педагог-KZ inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Дегенмен, нақты жалақы индексі 96,9%- ды құраған. Нақты жалақы дегеніміз инфляцияны есепке алғандағы айлық ақының өзгеруі (ол номиналды айлық ақы мен тұтыну бағаларының индексін есепке ала отырып есептеледі).
Өңірлер бөлінісінде білім беру саласындағы ең көп айлық ақыны Астана қаласының қызметкерлері алған – 531,1 мың теңге немесе былтырғымен салыстырғанда 8,1%-ға артық. Екінші және үшінші орында Алматы қаласы –435,3 мың. тг, + 14,1% және Маңғыстау облысы – 388,6 мың. тг, + 3,9%.
20 өңірдің алтауында ғана білім саласы қызметкерлерінің жалақысы елдегі орташа жалақыдан көп.
Саладағы ең төменгі жалақыны мектепке дейінгі білім саласының қызметкерлері алады. Олар айына 229,1 мың теңге табыс табады. Жылдық өсім 9%, ал сатып алу қабілетінің төмендеуі 2,1%-ға азайған.
Ал бастауыш білім беру саласы қызметкерлері айына 290,5 мың теңге табыс тапқан. Оның көлемі жылына 3,1% өскенімен нақты жалақы индексі бойынша 7,4% - ға төмендеген.
Орта білім саласы қызметкерлері айына 417,6 мың теңге табыс тапқан, бұл былтырғымен салыстырғанда 5,9% -ға көп, нақты төмендеу көрсеткіші 4,9%- ды құраған.