Астана, сәуір 2025 ж. – «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Педагогикалық шеберлік орталығы Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетімен бірлесіп, педагогикалық білімі жоқ азаматтарға арналған кәсіби қайта даярлау бағдарламасын жүзеге асыруда,-деп хабарлайды Педагог-KZ.
Бағдарлама мазмұны Ұлыбританиядағы Кембридж университетінің соңғы курсынан кейінгі білім беру моделі – PGCE негізінде әзірленген. Бағдарлама авторлары Кембридж университетінің Білім беру факультеті сарапшыларының жетекшілігімен арнайы дайындықтан өткен. Жаңа бағдарлама аясындағы оқу үдерісі бірегей 3+2 форматы бойынша ұйымдастырылады.
- Аптасына үш күн – теориялық сабақтар, NIS-тің сертификатталған тренерлерімен;
- Екі күн – мектептердегі тәжірибелік сабақтар, тәжірибелі педагог-наставниктердің жетекшілігімен.
Бұл тәсіл болашақ мұғалімдердің алғашқы күннен бастап мектеп өміріне еніп, теория мен практиканы қатар меңгеруіне жол ашады дейді бағдарлама авторлары.
«Бұл бастама еліміздегі мұғалім тапшылығын азайтуға бағытталған. Біз өңірлермен тығыз байланыс орнатып, мектептерге қолдау көрсетуге дайынбыз. Бұл тек білім беру жобасы емес, сонымен қатар маңызды әлеуметтік миссия», – деді NIS Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Толқын Айдосова.
Қазіргі таңда бағдарламада 40 тыңдаушы білім алуда. Мамыр айының ортасында еліміздегі мектептер қатарын:
- 15 математика мұғалімі,
- 8 ағылшын тілі мұғалімі,
- 7 бастауыш сынып мұғалімі,
- 6 педагог-ассистент,
- 4 дефектолог-логопед толықтырады.
Бағдарламаға жоғары педагогикалық білімі жоқ, алайда қатаң іріктеуден өткен Қазақстан азаматтары қатыса алады. Өтініштер beyim.edu.kz/pgce сайтында қабылданады.