Солтүстік Қазақстан облысының мектептерінде 985 вакансия бар, оның 675-і ауыл мектептерінде, — деп хабарлайды Педагог-KZ Qazaqstan Media сайтына сілтеме жасап.
Жалпы Солтүстік Қазақстан облысының жалпы білім беретін мектеперінде 11 600 педагог жұмыс істейді. Алдын ала мәліметтер бойынша облыстың білім саласында 985 бос жұмыс орны бар, оның 675-і ауыл мектептерінде.
Облыста тек мұғалім ғана емес мектеп басқаратын директорлар да тапшы. Аймақтағы әрбір оныншы мектепке директор қажет.
«СҚО-да 444 мектеп бар, оның ішінде 44 мектептің директоры жоқ. Аталған бос орындарды кадрмен қамту үшін «Білім берудің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында іріктеуден өткен педагогтарды тарту ұсынылуда», — деді облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопова.
Ал өңірдегі жалпы педагог тапшылығын жоғары оқу орнын аяқтаған жас түлектер есебінен толтырмақ.
«Биыл университеттің 493 түлегі мұғалім дипломнан алды. Ал М. Жұмабаев атындағы педагог мамандар дайындайтын колледжді 432 студент тәмәмдеген. Аталған кадрларды жұмысқа қажеттілікке сай тиімді тарату үшін олардың жұмысқа орналасуын бақылау жоспарлануда», — деді басқарма басшысының орынбасары.
Айта кету керек, биыл СҚО-да мектепке 74 мың оқушы барады.