Жалпы жүлде қоры 5 миллион теңгелік «Зерделі ұстаз» олимпиадасы өз мәресіне жетті. Бұл туралы аталған білім ордасының негізін қалаушы, белгілі ұстаз Ырысбек Мәуітхан өзінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жазды деп хабарлайды Педагог-KZ.
«Ырысбектің ақшасы көп, қайда шашарын білмей жүр деп ойлайтын сияқты былайғы жұрт. «Қыран шашып жейді, құзғын басып жейді» демекші, Алланың берген ризығын болашағы бар игілікті шараларға жұмсасақ жақсы емес пе? Олимпиадаға 29 команда, 90 математик қатысты»,- деп жазды Ы. Мәуітхан.
Сондай-ақ, осы аптада республиканың түкпір-түкпірінен жиналған «Зерделі» мектебінің директорларының құрылтайы өтеді. Оқу жылының қорытынды жиынында Зерделі орталықтары мен мектептерінің 100 ге жуық жетекшісі бас қосып, үздіктер марапатталады.
Айта кету керек, «Зерделі» мектебінің дәстүрлі байқаулары мен шаралары нәтижесінде үздік ұстаздар мен озат оқушылар тұрақты түрде қомақты қаржылай сыйақымен және білім жүйесі жетілген алыс-жақын шет елдерге жолдамалармен марапатталады.